Бас прокуратураның Комитеті 2018 жылды қорытындылады

28 қаңтар 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті жұмыс қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында жұмыстың өткен жылы шынайы статистиканы қалыптастыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға және құқыққорғау қызметін цифрландыруға бағытталғанын атап өтті.

Қылмыстың жай-күйі туралы.

Өткен жылы тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны  7,6% азайды.

Аса ауыр санаттағы қылмыстар саны  14% және ауыр санаттағы қылмыстар саны  19,8% азайды, жалпы қылмыстар санына шаққандағы олардың үлесі 7,3% құрады.

12,6% кісі өлімі, 14,2% адам зорлау,  6,7% ұрлық, 14,6% тонау азайды.

Ірі қалалар кесімінде 100 мың адамға шаққандағы жоғары қылмыс деңгейі Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Талдықорған және Өскемен қалаларында байқалады. Ең аз қылмыс Атырау қаласында орын алған.

Қылмыс түрлері бойынша ең жоғары кісі өлтіру деңгейі Петропавлде, Қостанайда және Ақтөбеде, адам зорлау Қостанай және Талдықорғанда, бұзақылық Ақтөбе және Қызылордада байқалады. Ең көп жасалған ұрлық деңгейі Алматы және Өскемен қалаларында, тонау Қостанай және Ақтөбе қалаларында орын алған.

Цифрландыру туралы.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы жобасын жүзеге асыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды.

2018 жылдың басынан бастап республикада "Электронды қылмыстық іс" модулі іске қосылды.

Жыл ішінде электронды форматта 15 328 қылмыстық іс тергелді, оның ішінде 10 336 өндіріспен аяқталды.

Электронды форматта тергелген қылмыстық істер саны тоқсан сайын артты, жыл соңында бұл көрсеткіш 7,2% жетті. Мұндай істер саны Түркістан облысында көп - 16%.

"Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі" жобасы аясында хаттаманың, қаулы және ұйғарымдардың электронды формалары енгізілді.

Электронды хаттамалар көрсеткіші жыл соңында 39% жетті, ал Астана қаласы бойынша 83% құрады.

Жоба іске қосылған сәттен бастап ЖЖЕ бойынша нақты айыппұлдар төлеу 10 % өсті.

Азаматтар жайлылығы үшін айыппұлдарды төлеу тәртібі жеңілдетілді. Айыппұлдарды хаттама толтырылған жерде банк немесе төлем терминалдары арқылы төлеуге болады. Жүйе екінші дәрежедегі 13 ірі банктермен біріктірілді, бұл өз кезегінде төленген айыппұлдарды автоматты түрде жабуға мүмкіндік береді.

Шетелге шығу сәтінде берешегі анықталған тұлғаларға әуежайда "Қазпошта" терминалдары арқылы айыппұл төлеу мүмкіндігі ұсынылды. Айыппұлдың төленгендігі туралы ақпарат лезде сот орындаушыларының жүйелеріне келіп түседі, ұшуға шектеу санаулы минуттерде шешіледі.

Айыппұлдар бойынша барлық ақпарат азаматтарға бірыңғай Call-орталық 1414 арқылы смс-хабарламамен түседі.

Бизнесті қорғау аясында Тексеріс субъектілері және объектілерінің бірыңғай тізілімі жобасы іске асырылуда.

Енді кәсіпкерлерде тексеріске дейін онлайн режимде тексеріс қоятын талаптарымен танысуға және олармен келіспеген жағдайда оларды шағымдауға мүмкіндік бар.

Кері байланыс үшін «Qamqor» мобильді қосымшасы әзірленді. Тексеріс тағайындалған жағдайда кәсіпкердің ұялы телефонына Puch-хабарлама келіп түседі. Онлайн кеңесші жұмыс жасайды, прокуратураға шағым жолдауға болады.

Қосымшаны 93 мың кәсіпкерлер орнатты, Комитет тарапынан тағайындалған тексерістердің заңдылығы мәселелері бойынша  1000 шақты онлайн өтініштер қаралды, тиісті түсіндірмелер берілді.

Мемлекеттік қызмет көрсету үрдістері жетілдірілді.

Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша мәліметтер беру автоматтандырылды, оларды "Электронды үкімет" порталынан алуға болады. Мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқартылды.

 Құжаттарды апостильдеу құқығы Комитетке және оның аумақтық органдарына берілді. Енді соттылығы туралы апостилденген анықтама бір өтініш негізінде беріледі. Мерзімдері 17 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.

Аталған өзгерістер  жедел мемлекеттік қызмет көрсетуге және азаматтардың жайлылығын арттыруға бағытталды.

ҚР БП ҚСжАЕК баспасөз қызметі

press@kgp.kz