Бейбіт елдің алтын арқауы - Ата Заң

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры».

Н.Ә. Назарбаев

 

Бүгінде ғаламтор арқылы дүние жүзінде қандай жаңалықтар болып жатқанын оп-оңай бақылап отырасың. Соның ішінде кейбір елдердегі жағаңды ұстап, жаныңды ауыртатын жайларғада жолығасың. Тіпті, ондай көріністер көптеген елдерде орын алып жатқанын байқағанда өз еліміздің бейбіт өміріне шүкірлік етесің. Ал, сол елміздегі бейбітшілк пен татулықтың  негізгі тетін ұстап тұрған біздің тұғыры биік Ата Заңымыз десек болады.

Елдің көз алдында, 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Одан кейін, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады. Конститутция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Ата Заңда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті - халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі.

Ал, Ата Заңда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық көрсетілген. Яғни, біздің елімізде қандайда бір қылмыс жасалса да кейбір елдердегідей қатыгездік пен аяусыздыққа жол берілмейді. Барлығы Заң шеңберінде шешіліп, тіпті оның да құқықтары қорғалады. Ал, кейбір елдерде тірі жәндікке қимайтын жауыздықты ел алдында жасап жатқанын көріп, жанымыз ауырады. Осы кезде еліміздің Ата Заңына тағы бір мәрте құрмет көрсетіп, осы елдің басқарып отырған Елбасыға ризашылығымызды арттыра түсеміз. Өйткені біздің еліміз құқықты мемлекет.

Адамның табиғи құқықтарын мойындап, оларды негізгі конституциялық құқықтар мен бостандықтарда бекітіп, Ата заң оларды қорғау механизмін қамтамасыз етті. Республика Конституциясымен құқықтар мен бостандықтарды қорғайтын екі маңызды тәсілі бекітілді. Ол сот арқылы және әкімшілік жауапкершілік арқылы жүзеге асырылады.

Сондықтан елімізде адамның бостандығы олардың  жасаған әрекеттері тек заңға қайшы келгенде ғана, Қазақстан  заңнамасына сәйкес, сот арқылы шектеу қойылмақ. Өйткені, біздің Заңның ең бірінші міндеті  адам өмірін сақтау және оның құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеу. Қазақстан Республикасының азаматы болсын немесе басқа елден келген қонақ болсын мейлі, біздің еліміз адамға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін  әрқашан қызмет атқарады.

Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.

Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген  Негізгі Заң да осы – жиырма бір жыл бұрын қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның бір мың бір жүзі Конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», - деген болатын.

Шынымен де бүгінгі Ата заңымыздың басты ерекшелігі қандай? Қоғам қайраткерлерінің сөзіне сүйенсек мұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымға, біріншіден - қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден - экономикалық даму, үшіншіден - қазақстандық патриотизм, төртіншіден - маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу принциптерімен негіздейді. Ата Заңымыздың бірінші бабына енгізілген осы төрт мәселе арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол ашылған. 

Қалай десек те Ата Заңымыз егемен еліміздің дамуына даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып, демократиялық жолмен даму бағытын айқындап, нәтижесінде бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің баршасы Ата заңымыздың тиімділігінің арқасы екеніне көз жетіп отыр. Оның ішінде құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз.

Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды алтын арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы конституциялық саясатының арқасы.

Осы тұрғыдағы ойымызды Елбасының өз сөзімен аяқтасақ «Конституцияны қатаң ұстану - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек».

Иә, ендеше әрбір азамат бейбіт елдің алтын арқауы - Ата Заңымыздың талаптарын бұлжытпай орындаса алар асуымыз әркезде биік, Мәңгілік Елдің тұғыры бекем, шаңырағы берекелі болары сөзсіз.

Қанат Жұбатыров, ҚР Бас прокуратурасы комитетінің ұйымдастыру-кадр жұмысы  басқармасы бөлімінің прокуроры

 

журнал «Заң және заман»  тамыз №8(188)