«Сенім артқан халықтың үмітін ақтай білу – басты мақсат»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

 

Қазақстан  Республикасы Бас прокуратурасының  Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетінің

Төрайымы С.АЙТПАЕВА

– Сәуле Мұханбедианқызы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитеті де 2013 жылдың 6 айын қорытындылап отыр. Алдымен осы жартыжылдықта еліміздің құқықтық статистикасы қандай жетістіктерге жетіп, қандай олқылықтарға орын берді, соны айтсаңыз...

Иә, біздің Комитет те 2013 жылдың 1 жартыжылдығын қорытындылады. Комитеттің орталық аппаратының және аумақтық басқармалардың басшылық құрамы мен видеобайланыс режимінде барлық жедел құрам қатысқан алқа мәжілісінде өткен алты айда атқарылған жұмыстар талқыланып, алдағы кезеңге міндеттер айқындалды. Әсіресе, Елбасы тапсырмасы мен Бас Прокурор алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар тиянақталды.

Құқықтық статистика субъектілерінде есепке алу-тіркеу тәртібін ретке келтіру мақсатында  есептік кезең ішінде 2 322 тексеру жүргізілсе, оның 768-і прокуратура органдарымен бірлесіп өткізілді, сондай-ақ 30 мыңнан астам  салыстырып тексерулер мен мониторингтер жүзеге асырылды. Осылардың нәтижесінде 47 658 заң бұзушылық анықталды.

Анықталған  осы заң бұзушылықтар бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары 1 530 ұсыныс беріп,  қадағалаушы прокурорларға - 705 және құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері басшыларына ақпараттық хат жолдаған. Соның нәтижесінде тәртіптік жауапкершілікке 4 244 лауазымды адам, оның 28-і сыбайлас жемқорлық үшін, 74-і әкімшілік, ал біреуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарында 619 есепке алу-тіркеу жөнінде тексеру жүргізіп, 4 027 заң бұзушылықты анықтады, бұлардың 710-ы  қылмыс туралы арыздар мен хабарламаларды, 446 қылмысты есепке алуды жасырып қалу фактісі болып отыр. Бұлар бойынша 459 қылмыстық іс қозғалып, олардың 16-ы сотқа жолданды. Тәртіптік жауапкершілікке 546 лауазым иелері тартылды.

          2013 жылдың 6 айында еліміздегі тіркелген қылмыстар деңгейі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға (137 151-ден 177 896-ға) өскен .Сондай-ақ жалпықылмыстық  қылмыстардың да 29,3 (128 192-ден 165 798-ге) пайызға өскені байқалды.

Қылмыстың  өсуі жалпы  мынадай қылмыстар есебінен болып отыр, мәселен, бөтеннің мүлкін ұрлау  19,0 пайызға (85 443-тен 101 670-ке), аляқтық  76,3 пайызға ( 10 037-ден 17 697-ге.), бұзақылық  84,9 пайызға (7 922-ден 14 651-ге)  артқан.

Қылмыстардың бұл түрлері жалпы тіркелген қылмыстылықтың 75 пайызын құрайды. Қылмыстылықтың өсуі еліміздің барлық өңірлерінде байқалды, мұны  2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап құқық қорғау органдарында өтініштер мен хабарламалардың барлық түрлерін бірыңғай тіркеудің енгізілуімен, сондай-ақ қылмыстардың, оның ішінде көрсеткіш қууға, соған орай қылмыстарды жасыруға алып келетін орташа және ауыр емес қылмыстардың жалпы ашылуына бұрынғыша баға беруден бас тартудың нәтижесі деп түсінуіміз қажет. Яғни, тіркеудің ашықтығы мен көрсеткіш қууға мүдделіліктің жоқтығы қылмыстылық көрсеткішінің шынайылығын қамтамасыз етіп, қылмыстылық үдерісіне әсер ететін алғышарттар жиынтығын ашып берді деуге толық негіз бар.

Демек, соңғы кездері қолға алынып жатқан бағдарламалар мен жобалар нәтиже бере бастады деп айтуға болады ғой...

 – Кәсіпкерлікті қолдау, кәсіпкерлердің кұқығын қорғаудағы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат «Қазақстан — 2050» стратетиясында мемлекетгік органдарының қызметіндегі басым бағыттарының бірі болып белгіленген-ді.

Комитеттің инновациялық мүмкіндіктері негізінде, мәселен, «Бізнес тірегі» порталы мемлекеттік органдар тарапынан болатын заңсыз тексерулердің жолын кесуде үлкен роль атқарып отыр. Осы жоба енгізілгеннен бері оның қызметін 17 048 кәсіпкер пайдаланса, олардың 7 мыңнан астамы биылғы жылдың өткен мерізімінде хабарласқан. Сондай-ақ мұның сыртында 2 300 СМС-хабарлама келіп түскен.

Осы жылы келіп түскен 311 заң бұзушылық туралы хабарламаның   70 пайызы расталып, оларға прокурорлық ықпал етудің тиісті шаралары қолданылды. Комитет аталмыш мерзім ішінде тексеру тағайындау туралы 1 693 актіні тіркеуден бас тартқан. Бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 13 пайыз артық. Осы уақыт ішінде 679 заңсыз тексеру анықталды, бұл былтырғымен салыстырғанды екі есе көп.

Заңсыз тексерулердің неғұрлым көпшілігі ауыл шаруашылығы -313, ішкі істер - 205, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау органдары - 97 мен әкімдіктердің -32 үлесінде.

– Комитеттің инновациялық мүмкіндіктерін пайдалану дегенді оқырманға толық,  жан-жақты түсіндіріп берсеңіз...

Комитеттің инновациялық мүмкіндіктерін пайдалану, бұл, біздің комитеттің жүзеге асырып жатқан және қолданыстағы («Өтініштер мен ақпараттарды есепке алу кітабы», «Айқын», «Электрондық талон», «Бизнес тірегі», «Қылмыстылық картасы», «ЖКО  картасы»), сонымен қатар Бас прокуратураның жаңа жобасы Құқыққорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесі сынды жобалардың қызметіне жүгіну деген сөз.

Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпараттық алмасу жүйесіне қосылған барлық 49 мемлекеттік органдар үшін бір терезе ұстанымы және ол бойынша өздерін қызықтырған ақпаратқа  әп сәтте қол жеткізу. Барлық жүйелер мен деректер қоры ортақ бір мақсатты – қылмыстық қудалау органдары жұмысының жеделдігі мен тиімділігін көтеру арқылы жұртшылықтың оларға деген сенімін арттыруды көздейді.

Бұрын біздің алдымызға құқықтық ақпараттарды жинақтау жөнінде біржақты тапсырма ғана қойылса, қазір тақырыптық сараптама мен қадағалау жұмыстарын қоса өрбітіп отырмыз. Біздегі бүкіл ақпарат шапшаң реттеліп отыратын 5 автоматтандырылған жүйеге жинақталған. Оларда қылмысты тіркеу сатысынан бастап істі сотта қарау нәтижелеріне дейінгі біртұтас есепке алу деректері қамтылған. Жұмысты осылайша құрылымдау еліміздегі қылмыстық ахуал туралы күнбе-күн нақты статистика түзіп отыруға мүмкіндік береді.

Сөйтіп, бұларды реттеп алғаннан соң қылмыстың нақты көрінісін алуға кедергі келтіріп келе жатқан жайттарды ашу жолдарын ойластыра бастадық. Оның басында қылмыстарды жасырып қалу мәселесі тұрды. Мұның алдын алуға 2011 жылдан бастап барлық құқық қорғау органдарына жаппай енгізілген электронды тіркеу әдісі өз жемісін берді. Бұл тәсіл бүкіл есепке алу-тіркеу тәртібіне түбірлі өзгеріс әкелді десек дұрыс болар.
Енді өткен 2012 жылдың қорытындысын сараптай келе, Елбасы алдымызға қойған қылмыстылықты есепке алуды жетілдіру жөніндегі міндеттерді орындай алдық деп батыл айта аламыз. Сөйтіп, етектен тартқан қылмысты жасырып қалу сияқты келеңсіз жайттан біртіндеп құтылып, алғаш рет еліміздегі қылмыстық ахуалдың көрінісіне қол жеткіздік.

Мәселен, осы әдіс енгізілгеннен кейін 2011 жылы 2010 жылға қарағанда 75 мың қылмыс артық тіркелген. Бұрынғы тіркелмей жасырылып келген қылмыстар жаңа жобаның арқасында су бетіне қалқып шықты. Ал өткен жылы тіркелген қылмыстар саны бұрнағы жылмен салыстырғанда 39,1 пайыз артқан. Бұл бұрын көбірек жасырылатын ұрлық, бұзақылық, алаяқтық, тонау сияқты қылмыс түрлері есебінен болып отыр. Қылмыстың бұл түрлері жалпы тіркелген қылмыстың 83 пайызын құрайтынын айтсақ, мәселенің мәнісі түсінікті бола түсері анық. Ал жасырып қалуы қиын аса ауыр қылмыстар керісінше 12,5 пайызға, оның ішінде кісі өлтіру 10,8 пайызға кеміген. Демек, тіркелген қылмыстар санының өсуі елімізде криминогендік ахуал қиындап кетті дегенді тіпті де білдірмесе керек.

Жалпы, қылмыстар туралы арыз-шағымдардың тіркелуінің жақсаруы олардың қаралу сапасын да арттыруға жол ашқаны сөзсіз. Мәселен, бүгінде түскен арыздардың 70 пайыздан астамы алғашқы 3 тәулік ішінде қаралады. Бұрынғы жылдары бұл көрсеткіш 50 пайыздан жоғары болмайтын. Ал істің одан әрі қалыпты жүруі үшін қылмыс туралы ақпардың алғашқы тәулікте қаралуының маңызы зор.

Біз бұл жаңалығымызды одан әрі жалғастырып, енді азамат¬тарымызға өз өтініштерінің тағдырын өздері қадағалап отыруына мүмкіндік жасап бердік. Бұл үшін арыздың қабылданғаны туралы хабарлама – талонды одан әрі жетілдірдік. Яғни, арыз берген адамға арнайы нөмірі бар талон берілетін болды, ол арқылы арыз беруші Интернет, СМС-хабарлама немесе біздің Колл-орталыққа қоңыру шалу арқылы өз өтінішінің бүкіл қаралу барысын біліп отыра алады.

Одан әрі бұл әдіс те өзін-өзі ақтағаннан кейін, электронды талонды полицияға берілетін арыздарға ғана емес, енді мемлекеттік органдарға берілетін өтініштер бойынша да қолдануды қолға алдық. «Айқын» деп аталатын бұл жоба арқылы арыздардың биліктің барлық деңгейінде қаралуы барысының ашықтығына қол жеткізуді діттеп отырмыз. Былтырғы жылдың 1 шілдесінен бастап бұл жоба министрліктер мен ведомстволардың орталық аппараттарына енгізілді. Үстіміздегі жылы облыс әкімдіктері аппараттары барлық арыз берушілерге талон бере бастайтын болады. Ал 2015 жылға дейін оны аудандық әкімдіктер деңгейіне дейін жеткізбекшіміз. Адамдардың араласуын одан әрі азайту мақсатында енді электронды қолтаңба арқылы арыз беру тетігі жүзеге асырылуда. Мұндай арыз автоматты түрде базаға түседі де, оны енді кезекші де, тіпті тергеуші де жоя алмайды.

Қылмыстар туралы ақпараттардың өзектілігін қамтамасыз ету талдау тақырыбына тереңірек бойлауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, жаңа талдамалық бағдарлама жасадық. Ол арқылы қалаған аймақтағы қылмыстар санын ғана емес, қалауымызша оның себебін де көре аламыз. Мәселен, бұл жоба арқылы қаласақ жұмыссыздар жасаған қылмыстардың өсу немесе өшу барысын бақылай аламыз. Ал бұл мәліметтер болса еңбек және әлеуметтік қорғау органдары үшін аса пайдалы болары анық.

Аймақтағы қылмыс ахуалын, оның құрылымы мен маусымдылығын біліп отырудың да маңызы зор. Бұл мақсатта біз «Қылмыстылық қартасын» жасадық. Ол арқылы аймақтағы қылмыс ахуалы туралы мәліметтерді кез келген уақытта ала аламыз. Мәселен, Астананың осындай қартасы арқылы біз нақты уақыт ішінде қаланың, көше мен әр ғимаратқа дейінгі неғұрлым қылмыстар телімін тап басып айта аламыз. Осы қартаға қарап ішкі істер органдары қылмысты нүктелерге ерекше назар аударып, тиісінше шара белгілей алады. Биылғы жылдан бастап «Қылмыстылық қартасы» барлық облыс орталықтарында іске қосылды.

«Қылмыстылық картасы» - қысқаша айтқанда Қазақстан қалаларының картасында қылмыс жасалған орынды көзбе-көз көрсететін интерактивті карта. Оның ерекшелігі қылмыс жасалу дерегі тіркелгеннен кейін және оны деректер қорына енгізген соң автоматты түрде географиялық картада көрінеді.  Ол арқылы қала тұрғындары өз аудандарының ең қауіпті жерлерін, тіпті тәулік мерзімі бойынша өз бетінше біле алады.

2000 жылдан бастап мемлекеттік органдардың барлық тексерулері бізден тіркеуден өтетіні белгілі. Әлбетте, бұл тексерулерді ретке келтіру және жеке кәсіпкерлердің еркін дамуы үшін аз нәрсе жасалып отырған жоқ. Тексерулерді тіркеуден бас тартудың мер-зімдерінің сақталмауы, жиілігі сияқты нормалары да қарастырылды. Алайда, тексерушілер жоқ жерден саңылау тауып шығып кететін жағдай тыйылмады.

Мұндай келеңсіз көріністің жолын кесу үшін біз кәсіпкерлерге тексерушілерді өздері бақылай алатын мүмкіндік аштық. Осы мақсатта кәсіпкерлерге тексеру жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ететін «Бизнес тірегі» жобасын енгіздік.

Енді кәсіпкердің өзі тіркеу нөмірі арқылы, сол құралдар жиынтығын қолдана отырып, яғни сайт, ұялы байланыс немесе Call-орталығына телефон шалу арқылы ол тіркеудің шынайылығын, тексерушілер туралы ақпаратты, сондай-ақ, тексеру мәні мен кезеңін анықтай алады.

«Бизнес тірегі» жобасы жылдан жылға кәсіпкерлер арасында танымал болып, олардың шын мәнінде тірегіне айналып отырғаны көңіл қуантады. Ол енгізілгеннен бастап Комитеттің электронды порталына 9758 кәсіпкер жүгінгені соның дәлелі болса керек. Осылардың жартысынан астамы 2012 жылы түскен, ал екі мыңнан астамы СМС хабарламалар арқылы жолданған.

Ең бастысы, егер тексерушілер тексеру шегінен шығып кетсе, кәсіпкер «Бизнес тірегі» порталы арқылы бұл туралы хабарлай алады. Бұған Бас Прокурордың арнайы бұйрығымен құрылған барлық аумақтық прокуратуралардың жанындағы жедел топ шұғыл жетіп, кәсіпкерді заңсыз тексерістен қолма-қол арашалап алады. Осы жақында ғана мынандай оқиға болды. Оңтүстік қазақстан облысының аудандарында екі әйел өздерін Днсаулық сақтау министрлігіненбіз деп таныстырып дәріханаларды тексере бастаған. Олардан күдіктенген дәріхана иелері осы «Бизнес тірегі» порталы арқылы хабар салып, ол бойынша жедел жеткен жедел топтың арқасында   жеңіл жолмен ақша тапқысы келіп жүрген алаяқтар екендігі анықталып олар ұсталды.

Енді құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесі аясында елдің барлық дерек қорларынан іздеу салынған адамдар жасаған операциялар туралы мәлімет жинақталып, қажетті деректер іздеу салып отырған органға он-лайн режімінде берілетін болады. Жүйе құқық қорғау органына іздеу салынған адамның іс-әрекеті туралы автоматты түрде хабар береді.

Бұл жүйе қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады. Мәселен, Алматы қаласында мемлекетаралық іздеу жарияланып, жазадан бой тасалап жүрген екі адам ұсталды. Олар Халыққа қызмет көрсету орталығына соттылығы жөнінде анықтама алуға келген жерінде көзге шалынып, біздің ақпарат бойынша іздеу салған органға хабар берілген. Сонымен қатар, бұл жүйе жеке және заңды тұлғалар, жеке меншік нысандары туралы деректер, құжаттандыру, жүргізуші куәлігін беру, нотариалдық қызмет, зейнетақы, жәрдемақы төлеу, қылмыстық істер туралы жүйелер және т.с.с. ортақ дерек қорына қосылған. «Өтініштер мен ақпараттарды есепке алу кітабын» енгізу өтініштерді жылдам және жан-жақты шешуге, әуре-сарсаңды азайтуға жағдай жасады, полиция қызметкерлерінің азаматтармен іс жүргізуден тыс  қарым-қатынастырын азайтты. Өтініштерді электрондық тіркеу қорында қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін азаматтарға талон-хабарламаларды беру жобасы енгізілді, ол нақты уақыт тәртібінде өз өтініштерінің қаралу барысы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

«Электрондық талон» жобасының көмегімен азаматтар өз өтініштерінің қаралу барысын бақылап отыруға, яғни, өтініштің  қабылданғаны, онымен кім айналысатыны және ол бойынша қандай шешім қабылданғаны туралы интернет арқылы жедел ақпарат алуға мүмкіндік алды.

Былтырғы жылдың маусым айынан бері орталық мемлекеттік органдарда Бас прокуратураның тағы бір жаңа жобасы «Айқынның» ойдағыдай жұмыс атқарып келе жатқаны белгілі. Өз арыз-шағымдарының қаралу барысын азаматтардың өздерінің интернет арқылы қадағалап отыруына мүмкіндік беретін бұл жоба осы жылдың 1 сәуірінен бастап облыстық деңгейдегі әкімдіктерге енгізілді. «Айқын» жобасы енгілігеннен бері мерзімі өткізіліп қаралған арыздар саны екі есе азайды. Ал 2015 жылға дейін оны аудандық әкімдіктер деңгейіне дейін жеткізбекшіміз. Адамдардың араласуын одан әрі азайту мақсатында енді электронды қолтаңба арқылы арыз беру тетігі жүзеге асырылуда. Мұндай арыз автоматты түрде базаға түседі де, оны енді кезекші де, тіпті тергеуші де жоя алмайды.

         Жоғарыда аталғандармен қатар, талдау және геоақпараттық жүйелер де  енгізілуде. Сондай-ақ, біздің комитет атқарып жатқан құқықтық ашықтық, нақтылық, жариялылық сынды заманауи жобаларымызға, инновациялық мүмкіндіктерімізге жақын шетелдердің және ТМД аумағындағы бірқатар мемлекеттердің құқық органдары қызығушылық танытып, тәжірибемен бөлісіп те жатыр.

– Атап айтқанда қай мемлекеттер біздің тәжірибеге қызығушылық танытып отыр? Бүгінгі күні еліміздің құқық саласы халықаралық ынтымақтастықта қалай бағаланып жүр?

– Халықаралық ынтымақтастықта еліміздің құқық саласында соңғы жылдары қолға алынып жатқан жедел автоматтандыру және ашық та нақты ақпараттандыру, сынды тәжірибелеріміз жоғары бағаланып келеді. Әсіресе, құқықтық статистика қалыптастырудағы біздің тәжірибемізге тәнті болып, айрықша қызығушылық танытып отырғандар көп. Олардың ішінде АҚШ, Ресей, Германия сияқты әлемдік көшбасшы елдер де бар.

Жуырда Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика басқармасының бастығы Олег Инсаровтан хат алдық. Онда: «Қазір біз Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының жүктеген жаңа міндеттерді орындау үшін ұйымдық-техникалық және нормативтік-құқықтық шаралар кешенін жүзеге асыруды қолға алдық. Бұл шаралардың негізіне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының оң тәжірибелерін алып отырмыз. Сондықтан да сіздердің ел Президентінің Бас прокуратура жүйесі ішінде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет құру жөніндегі шешімі үлкен көрегендік деп білеміз. Ол түптеп келгенде, қылмыстылықпен күрес, заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында тиімді тетік жасауға жол ашты» – деп жазыпты. Демек, «Сырт көз сыншы» дегендей мәскеулік әріптесіміз біздің жұмысымыздың мән-мазмұнын дөп басқан деп ойлаймыз.

Шетелдік әріптестер, әсіресе, қылмыстар мен оқиғалар туралы арыздарды, хабарламалар мен басқа да ақпараттарды есепке алудың біртұтас электронды кітабын енгізу жөніндегі біздің тәжрибемізді зерделеп, комитеттің аумақтық бөлімшелерінің жұмысына, сонымен қатар ақпараттық қызмет пен инновациялық технологиялар деңгейінде заманауи жаңашыл әділетті іскерлік қабілетіне ерекше ықылас білдіріп отыр.

Ал біздің тәжірибелерімізді үйренгісі, өз елдерінде де жүзеге асырғысы келетін бірақатар елдердің делегациялар бізде қонақ болып та үлгерді. Атап айтар болсам, жақында Беларусь Республикасының Әскери прокуроры А.Н.Драница, Жоғарғы соты Төрағасының орынбасары – Әскери алқасының төрағасы С.В. Кондратьев және  Қорғаныс министрлігінің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Э.Г.Числов бастаған делегация келді. Сондай-ақ құрамында Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері бар Монғолияның арнайы делегациясы, Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі істер вице-министрі К.С.Асанов бастаған ресми делегациясы да арнайы келіп, жұмысымызбен танысты.

Елбасы Жарлығымен бекітілген Бас прокуратура шегінде құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есеп жүргізу жөніндегі мемлекеттік органның қызметі мен өкілеттігі тамаша тәжірибелерімен жетіліп, бүгінгідей деңгейге көтерілуінің сыры неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, тәуелсіз жиырма жыл көлемінде еліміздің құқық саласының бүгінгідей  нәтижеге қол жеткізуі ­Президент Әкімшілігінің, еліміздің Қауіпсіздік кеңесі мен Бас Прокуратураның, құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитетінің, сонымен қатар барлық құқық қорғау органдары мен аймақтық, қалалық құқық саласының барша қызметкерлерінің жұдырықтай жұмыла, бірлесе еңбек еткенінің жемісі.

Сәл шегініс жасасақ, Ел Президенті Н.Назарбаевтың 1997 жылдың 22 сәуірі күні шыққан «Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен сол кездегі Мемлекеттік тергеу комитетінің Қылмыстық ақпарат орталығы және Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігінің статистикалық қызметтері негізінде Бас прокуратура жанынан Құқықтық статистика және арнайы есепке алу орталығы дүниеге келген болатын.

Ал, 1999 жылы бұл орталыққа Бас прокуратураның департаменті мәртебе беріліп, аймақтардағы барлық осындай орталықтар оған тікелей бағынатын болды. Бұл құзырет аталған жүйеге «Прокуратура туралы» жаңа заңға сай бақылау-қадағалау жұмыстарын өз бетінше дербес ұйымдастыру мүмкіндігін берді.

Сөйтіп, 2003 жылдың наурыз айында Елбасы Жарлығымен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті құрылып, ол Бас прокуратура шегінде құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есеп жүргізу жөніндегі мемлекеттік органның қызметі мен өкілеттігін жүзеге асыратын болды. Сол жылы желтоқсан айында «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» арнайы заң да қабылданды.

Бұл екі құжат өкілетті органның мемлекеттік құқықтық статистика шеңберіндегі мәртебесін, міндеттері мен қызметін заңдылық тұрғысынан анықтап берумен қатар заңдарға сәйкес құқықтық статистиканы жеткізіп отыратын субъектілер тізімін түзіп берді. Мемлекет басшысының құқықтық статистика және арнайы есепке алу органын құру жөніндегі шешімінің тек тиімді және қажет екенін ғана емес, құқықтық статистикалық мәліметтердің дер уақыттылығын, толықтығын, шынайылығы мен анытығын қамтамасыз ету де дұрыс қадам болғандығы бүгінде дәлелденіп отыр.

Құқықтық статистика мен арнайы есепке алудың біртұтас прокуратуралық мемлекеттік органның аясында шоғырлануының арқасында қысқа мерзім ішінде және ұйымдастыру жағынан көп қиыншылықтар мен бөгесіндерге ұрынбай-ақ мемлекеттік институттар мен жалпы жұртшылықты қоғамдағы қылмыстылықтың шынайы ахуалы, қылмыстық қудалау органдары мен соттардың іс жүргізу қызметінің сандық-сапалық көрсеткіштері және мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді қорғауы мен қолдауы жөніндегі жұмыстары туралы барынша толық та шынайы ақпаратпен қамтамасыз ететін сенімді жүйе қалыптастырудың сәті түсті.

Құқықтық статистика қалыптастыратын ақпараттар прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар, тіпті еліміздің жоғары басшылығы шешім қабылдаған кезде де негізгі дереккөз болып саналатынын жасырмаймыз. Яғни, біздің Комитет мемлекетті және жұртшылықты жедел де шынайы құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ететін өзіндік бір штабқа айналып отыр. Оған Комиет жұмысының бүгінгі көлемін келтірсек те жеткілікті. Егер 1998 жылы бұл жүйе мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалар мен жеке адамдардың 33 мың сұрауына жауап берсе,   2011 жылы бұл көрсеткіш 20 миллионның үстіне шығып, еліміздің тұрғындарының санынан да асты.  Бұл көрсеткіштің жылдан жылға артып келе жатқаны түсінікті жайт. Бұл комитетіміз халық үшін қызмет етіп, қоғамымызда өз орнын ойып тұрып алып отыр деген сөз.

Бүгінде қолданыста жүрген әр жобаны енгізер алдында оны мұқият зерттеп, бұл жөнінде әлемдік деңгейде не жасалып жатыр деген мақсатпен оны да зерделеп аламыз. Бүгінгі күні еліміздің құқықтық статистикасы жаңа технологияларды пайдалану және енгізу жағынан алдыңғы орындардың бірінде тұрғанын нық сеніммен айта аламын. Оған әлемнің 40-тан астам елінің прокуратура өкілдері қатысқан Халықаралық прокурорлар ассоциациясы жиналысына келген өкілдердің пікірінен көзіміз жетті.

 

 

 

– Өткен 2012 жыл құқық қорғау саласын біраз әбігерге салғаны белгілі. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізу» туралы Жарлығы Сіздердің комитетте қалай жүзеге асты?

 -Бұл бір дер кезінде жүргізілген шара деп есептеймін. Өзіңіз тұрып жатқан үйіңізді де анда-санда  бір тазалап тұрмасаңыз не болады. Бұл да бір сондай нәрсе. Оның барысында қызметкерлеріміздің бәрі де қатаң  електен өтіп, әр кім өзінің анық орнына отырды. Қызметкерлеріміздің барлығы да кезектен тыс аттестаттаудан өтіп, Президент Жарлығы ойдағыдай орындалды деп сеніммен айта аламын.

Сәуле Мұханбедианқызы өзіңізбен, сұқбаттасудың сәті түсіп тұрғанда, көкейде жүрген бір сұрақ, тіл мәселесін айналып өте алмасымыз анық.  Яғни, тәуелсіз 20 жылдан артық уақыт аралығында аталмыш комитетте мемлекеттік тіл мәртебесі мәселесі қаншалықты шешімін тапқан?

         – «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды…» деп, ХХ ғасырдың басында-ақ Сәкен Сейфуллин атап көрсеткендей, ісқағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі ақырындап қолға алынуда. Бірақ жасыратыны жоқ, бұл көп мекемелерде аудармашының көмегімен іске асып отыр. Яғни құжат алдымен орыс тілінде дайындалып, тек содан кейін мемлекеттік тілге аударылады. Тіпті, ұлты қазақ қызметкерлердің өзі бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп, мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылық танытпайды, үйренуге ұмтылмайды. Мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарып отырған қандастарымыз ең алдымен өз арасында қазақ тілінде сөйлессе, басқа ұлт өкілдеріне үлгі болар еді.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында өзім қызмет атқарып отырған Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бас прокурор аппараты Тіл саясаты басқармасының қолдауымен комитеттегі күнделікті құжат айналымының мемлекеттік тілде орындалуы басты назарда ұсталады. Қызметкерлерге құжаттарды мемлекеттік тілде өздеріне дайындату талабы қойылып, оларға мемлекеттік тілді тереңдетіп меңгерту мақсатында қазақ тілі сабақтарын оқыту курстары жүргізіледі, сонымен қатар электрондық оқу құралдары, орыс-қазақ тілдерінің сөздіктері алынып, қызметкерлерге тегін таратылды.

Қызметкерлердің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі сайыс түріндегі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Комитеттің баспасөз қызметінің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі қосып келе жатқан үлесін де атап өтуге болады.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен елімізде алғаш рет «генерал» атағын иеленген нәзік жансыз. Сондықтан қазақ қыздарына еңбегінің жемісін көру үшін ең бастысы қандай қасиетке ие болу керектігін айтып бересіз бе?

-Әйел ең алдымен ол -ана. Ол -отбасының ұйтқысы. Өз басым мың жерден дәрежем жоғары болса да отбасында болсын, былайғы өмірде болсын ер-азаматтарды әрқашан жоғары қоямын. Бұл халқымыздың қанымызға сіңірген асыл қасиетінің бірі. «Әке –асқар тау, ана- баурындағы бұлақ, балалар- жағасында жайқалып өскен құрақ»- дейді халқымыз. Адам бақытының, ана бақытының қарапайым  формуласы -осы. Сондықтан, қыз келіншектерге ең бірінші айтарым,  отбасымызды аялай білейік. Сонда ғана бақытымыз бянды болмақ.

   Оқырмандарымызға тілегіңіз...

-Мынау тәуелсіздік деген ата-бабамыздың ғасырлар бойғы асыл арманы. Ол жайдан жай келе салған жоқ.  Ендеше оның қадір-қасиетін бір мысқал да төмендетіп алмайық. Еліміздің іргесі –берік, шаңырағы биік болуы үшін аянбай еңбек ете берелік. Ең алдыменбізге бірлік керек. Ел даналары «Бірлік болмай тірлік болмайды» деп бекер айтпаған ғой.

Уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

 

«Заң және заман» журналы