ТМД елдерінің ішінде Қазақстан- бірінші

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 32-қадамы аясында «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталын құру жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі күні Елбасының осы тапсырмасын орындау аясында арнайы жұмыстар қызу жүргізілуде. Бұл жоба Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің интернет-порталында жұмыс істеп тұрған «Қылмыстылық картасы» ақпараттық сервисі негізінде жүзеге асырылады.

Порталдың негізгі ақпараттық көзі – сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер болып табылады. Сонымен бірге картада ақталу негіздерімен қысқартылған қылмыстық істер көрсетілмейді.

Осылайша, қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы ақпарат Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне мәліметті енгізгеннен кейін 3-4 минут өткен соң порталда көрсетілетін болады.

Картада қылмыс туралы келесі ақпараттар көрсетіледі:

-         ақпараттық есеп кітабына тіркелген реттік нөмірі;

-         арызды немесе ақпаратты тіркеген орган;

-         тіркелген күні;

-         Қылмыстық кодекстің бабы;

-         қылмыстың санаты (ауырлығы).

Портал 2 бөлікке бөлінеді: ашық – азаматтар үшін, жабық – құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін.

Ашық бөлікте белгілі бір жердегі немесе мекенжай (ғимарат), уақыт, түрі, санаты (ауырлығы) бойынша қылмысты жете көру жүзеге асырылатын болады.

Аталған картада «Жазылу» функционалының көмегімен кез-келген азамат өз қалауымен тұратын немесе жұмыс істейтін жерін көрсетіп және белгілі бір радиусты қою (радиус аймағы 1-4 км.) арқылы сол жерде тіркелген құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды электрондық пошта мекенжайына алуға мүмкіндігі бар.

Көрсетілген ақпараттық сервистерді Интернетке қолжетімділігі бар кез-келген азамат пайдалана алады.

            Жабық бөлікте тірек пункттерінің, көшпелі бекеттердің орналасқан жерлері, көшедегі камералардың қойылған жерлері көрсетіледі, полиция органының басшысы өткен тәуліктерде қанша қылмыс жасалғанын, анағұрлым «ыстық» нүктелерді анықтауға және күш пен құралдарды тиімді орналастыру үшін онлайн режимде маңызды ақпараттарға қол жеткізе алады.

2016 жылдың 1 қаңтарынан жергілікті полиция қызметін құруға байланысты жергілікті атқарушылық органдарға және азаматтарға криминогендік жағдайды қаланың картасында көрсету аса қажетті болады деп пайымдаймыз.

Бұдан әрі «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» порталының мүмкіндіктері Ұлттық геоақпараттық жүйемен, қалалар мен елді-мекендердің географиялық карталарымен, елді мекендердің географиялық деректерінің базаларымен және қылмыстық құқық бұзушылықтарды визуалды көру үшін Жерді қашықтан барлап қарау ғарыштық жүйесімен ықпалдастыру арқылы кеңейтілетін болады.

            Мысалы, шетелдерде геоақпараттық жүйелердегі ғарыштық түсірілімдер жиі қолданылады (googlemap, yandexmap және т.б.). Ғарыштық түсірілімді қолдану мониторинг саласындағы мәселелерді сәтті шешуге, картадан жылдам бағыт-бағдар алуға жағдай жасайды, сонымен қатар объектілерді көрсету кезінде жоғарғы көрнекілік әсерін береді. 

Қазіргі уақытта «Қылмыстылық картасы» сервисін барлық облыс орталықтары, Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ 20 моноқала ұсынып отыр. Жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін, 7 моноқала және 250-ден астам аудан орталығында осындай географиялық карта құру жоспарланған.

Ішкі істер органдарына, әкімдерге, білім беру органдарына, сонымен қатар қарапайым интернет пайдаланушыларына қажетті бұл карта Комитет сайтына орналастырылған (service.pravstat.kz).

Сайтта кез келген облысты таңдап, қылмыстардың жалпы санын көруге болады.

Нақты қаланы ашып, қылмыстарды нүктелер түрінде көруге болады: қызылмен барынша криминогенді, қоңыр, сарымен және жасылмен –криминогендігі төмен аймақтар белгіленген.

Интернет-порталдың көмегімен келесі жетістіктерге қол жеткізу жоспарлануда:

-         Қылмыстың алдын алу шараларын арттыру және сол арқылы қылмыс деңгейін төмендету;

-         Ішкі істер органдарының жұмысын қоғамдық бақылау;

-         Қоғамды криминогенді жағдай туралы ақпараттандыру, сол арқылы азаматтардың қырағылығын жоғарылату, оларды қылмыстан барынша қауіпсіздендіру.

Аталған порталға ұқсас жүйелер АҚШ-та, Ұлыбританияда, Францияда өздерінің нәтижелерін беруде.

Мысалы, АҚШ-та 10 жылдан астам мерзімде, Ұлыбританияда 2009 жылдан бері, Францияда 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Ал ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып осы жобаны енгізіп отыр.

Қазіргі уақытта азаматтарға қолайлы болу үшін интернет-порталдың мобильді нұсқасы жасалған.

 

Ерғали Мабиев, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Төрағасының орынбасары

 

                        «Айқын» газеті 31.03.2016 ж.